[ Добавить материал ]

«Халық педагогикасы – ұлттық құндылығымыз»
14.05.2015, 14:43
«Халық педагогикасы – ұлттық құндылығымыз»
Халық педагогикасы, халықтық тәрбие ұғымдары көптен бері педагогика ғылымының арнайы зерттеу пәні ретінде қарастырылып (қоғамының күнделікті өмір сүру мазмұнына көбірек ие болуымен ерекшеленіп), көптеген педагогикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарына арқау болуда. Солардың бірінде ғалым С.Ғаббасов – халық педагогикасы дегеніміз, адамның жан дүниесін тәрбиелейтін ілім десе, ... ал «этнопедагогика» – адамның тән құрылысының дұрыс жетілуіне әсер ететіндігін , ерекше даралап бөліп айтады.
Автор өзінің зерттеу еңбегінде, адам тәрбиесінің дамуын физиологиялық кезеңдерге бөліп, оны халық педагогикасы ұғымымен кіріктіріп, халық педагогикасының жеті түрлі негіздерін ұсынады. Және оларды былайша тарқатқан:
халық педагогикасының 1-ші негізі – семья құруға дайындық, ұрық тазалығы; 2-ші негізі – ана құрсағындағы тоғыз ай; 3-ші негізі – нәресте кезеңі; 4-ші негізі – балбөбек кезеңі; 5-ші негізі – балабақша жасындағы кезең; 6-ші негізі – бастауыш мектеп кезеңінің тәрбиесі; 7-ші негізі – орта білім мен кәмелеттік кезеңнің тәрбиесі.
Демек, қоғамдағы тәрбие үдерісінің әрбір сатысы жалаң тәрбие ұғымымен ғана шектеліп қалмай, ол қоғамдық мәнге ие болып, халықтық сипатқа айналып отырған. Яғни, тәрбие ұғымының халықтық деген мән-мағынамен тіркесуі де осыдан болар.
Халық педагогикасының бастаулары алғашқы қауымдық құрылыстан бастау алған. Алғашқы қауымдық құрылыс – адамзат қоғамы тарихының бастапқы дәуірі. Бұл дәуірдегі ұрпақ тәрбиесі туралы әртүрлі тарихи, этнографиялық және әдеби көздердің, сондай-ақ археологиялық қазбалардың негізінде ой өрбітуге болады. Тәрбиенің пайда болуы туралы сұрақ, қалпына келтірілген материалдық және рухани мәдениет ескерткіштерінің сырын, алғашқы қауым дәуіріндегі тәрбиенің түпкі мән-мазмұнын түсінуде аса маңызды. Алғашқы қауым дәуіріндегі тәрбиені білдіретін заттардың қатарында археологтар тапқан еңбек және тұрмыс құралдарын, балалардың ойыншықтарын,тасқа салынған таңбаларды жатқызуға болады. Сонымен қатар, сол дәуірдегі халық ойындары, салт-дәстүрлер, ойын-сауықтар, фольклор (мақал-мәтелдер, эпостық жырлар), жазу пайда болғанға дейінгі құралдар тәрбиені сипаттайтын көздер болып табылады[1. 5].
Қазақ Кеңес энциклопедиясының 2-ші томында: «Халық педагогикасы – тәрбие жөніндегі халықтың білімі, тәжірибесі. Халық педагогикасы дегеніміз ұлттар мен ұлыстардың әлденеше ғасырға созылған ұрпақ тәжірибесіндегі ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдени ойлау процесінің озық үлгілерінің жиынтығы» – делінеді.
Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігінде: Халықтық педагогика – тәрбие жөніндегі халықтың тәжірибесі деп қысқа қайырған.
Қ.Жарықбаевтың пайымдауынша: Халықтық педагогика – халықтың тәрбиелеу және оқыту туралы педагогикалық білімдерінің қосындысы.
«Халықтық педагогика – ұрпақтан-ұрпаққа көбіне ауызша түрде халық шығармашылығы арқылы берілген тәрбие мен оқыту саласындағы халықтың білімдері, іскерліктері, дағдыларының жиынтығы» – дейді С.А.Ұзақбаева.
Халық педагогикасы жайлы ой-пікірлердің бала тәрбиесіне тигізер әсері бүгінгі күні қазақстандық ғалымдарымыздың зерттеу тақырыптарына арқау болуда. Б.Ж. Мұханова, Р.Қ. Ильясовалар бірігіп жазған этнопедагогика оқулығында: «Халық педагогикасы – ғасырлар бойы халықтың халық болып тарих сахнасына шыққан күннен бергі жас ұрпақты рухани және материалдық мәдениетті меңгеруге жұмылдыратын тәлім-тәрбие құралы, ұлт мәдениетінің негізі[2. 10].
Қ.Бөлеев: Халықтық педагогика – халық бұқарасының тәрбиелеу және оқыту туралы ғасырлар бойы жинақталған тәжірибелері мен білімдері, өйткені халық « ғылым негізі – тәжірибе, даналық негізі – білім» –деген.
Е.Сағындықов: « Халық педагогикасы дегеніміз – халықтың өзіне ғана тән ерекшеліктеріне негізделген өзін қоршаған қоғамдық-әлеуметтік орта мен табиғат жағыдайына бейімделе қалыптасқан, халықтың шаруашылық-экономикалық жағдайына байланысты атадан балаға мұра болып келе жатқан тәрбие туралы ақыл-ой үлгілерінің жиынтығы».
Халық педагогикасының қыр-сырын көптен бері зерттеп келе жатқан сөз зергерлерінің бірі, ақын М. Әлімбаев өзінің «Халық – ғажап тәлімгер» атты еңбегінде: «Халық педагогикасы –ғасырлар бойы қалыптасып, қорлана байып келе жатқан ғылым » – деп жазды.
М.Әлімбаев: Халық педагогикасы дегеніміз, ол – халықтың рухаи мәдениетіне толқын-толқын ұрпақтардың көп болып, қауымдасып қосқан шығармашылық үлесінің нәтижесі. Халық педагогикасы – халықтың рухани мәдениетінің бір бөлігі, еңбекқор қалың көпшілік мұддесінің айқын көрінісі. Халықтың мұң-мұқтажына,қажетіне сай бұл педагогика тәрбиенің ең адамгершіл, ең демократияшыл мұраттарын ұсынады.
К.Ж.Қожахметованың зерттеулерінде А.Э.Измайловтың пікірлері келтіріліп, ол: «халық педагогикасының жалппы қабылдаған, жалпыадамзаттық нормалары, оқыту мен тәрбиенің тәжірибелеріне сүйене отырып, біріңғай негіз болады, яғни ғылым мұнда халық педагогикасының жалпыадамзаттық белгілеріне ерекше зейін аударады » – делінеді[3. 50].
К.Ж. Қожахметова көптеген ғалымдар пікірлерін басшылыққа ала келіп, халық педагогикасы жайлы: «біз халық педагогикасын халықтың біліміне шоғырланған халықтың тәрбие тәжірибесінің және педагогикалық ой-пікірлерінің жиынтығы ретінде қарастырамыз» – дейді.
Халық педагогикасы, халықтық педагогика ұғымдарының мән-мағынасына отандық ғалымдармен қатар, (бізден де ертерек ) алыс-жақын шетелдік ғалымдар өз пікірлерін білдіріп отырған.
Е.Л. Христова: «Халықтық педагогика – халық бұқарасының, таптың педагогикалық санасы, олардың мүддесін көздеп, әлеуметтік теңдік үшін күресе білетін адам қалыптастыруға бағытталған педагогикалық қызметі. Дәстүрлі педагогикадан айырмашылығы жеке ұлттарға қызымет етуінде» – деп анықтама береді. Ал И.Ф. Харламов өзінің «Педагогика» атты оқу құралында халық педагогикасы мен этнопедагогиканың ара-жігін ажыратып береді: «тәрбиенің халықтық және ұлттық ерекшеліктерін зерттеу ерекше педагогикалық пәннің – этнопедагогиканың зерттеу пәні болды. ...Кейде жеке басылымдарда халық педагогикасы мен этопедагогика синонимдер ретінде қарастырылады. Бұл – дұрыс емес. Жоғарыда аталып өтілгендей, халық педагогикасы – бұл тәрбие туралы алуан түрлі этностардың (халықтар, ұлттар) халықтық тәжірибесі мен санасында қалыптасатын идеялар мен көріністердің жиынтығы. Ал этнопедагогика – бұл осы халық тәжірибесін және көріністерді зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми пән»[4. 21].
Халықтық педагогика ұғымының бастауларын педагогиканың негізін қалаушы, «педагогика ғылымының атасы» атанған чех халқының педагог- гуманисті А.Я.Коменский еңбектерінен кезіктіреміз. А.Я.Коменский «Чех тілінің қазынасы» (1612) деген тұңғыш еңбегінің өзінде халқына қызмет етуге ұмтылысын байқатқан. Ол өз халқының өмірін бақылай отырып, тарихты, географияны (Отанының картасын құрастырып) зерттейді, чех мақалдарын жазып алады. А.Я.Коменский сол заманның өзінде халық және халықтық тілдер аса бір жеккөрінішті нәрсеге айналғанын қынжыла жазып, осыған қатты ренішті екенін, барлық нәрсе әрбір халыққа оның өз тілінде берілуі тиіс екенін білдірген.
А.Я.Коменский балаларды ана тілінде оқыту олардың ұлттық санасын жаңғыртудың, ұлттық мәдениетін арттырудың құралы деп білді. Оның «Табиғилық» принцпі халықтық тәжірибеден алынды. Ұлы педагогтің «Адами істерді түзету бойынша жалпыға бірдей кеңес» кітабы 7 бөлімнен тұрады. Шығарманың ең басты негізгі бөлімі болып саналатын, үшінші пансофиялық (даналық, барлығын білушілік) мектепте – халық әңгімелерінен алынған адамгершілік тақырыбындағы әңгімелер, жұмабақтар айту, халықтың әдет-ғұрыптарын насихаттау мектептегі білім беру мазмұнының негізін құрады.
А.Я.Коменский тұжырымдаған халықтық ұстанымды орыстың ұлы педагогі К.Д.Ушинский әрі қарай дамытады. Тәрбиенің қоғамдық мағынасының идеясы К.Д.Ушинскийдің еңбектерінде халықтық принцп тұрғысында ашылады. Бұл оның педагогикалық тұжырымдамасының діңгегі.
Халықтық принцпі ретінде халықтың өзінің ұлттық «Менін» сақтауға ұмтылысын және оның қоғамдық-экономикалық өмірдің барлық салаларындаалға қарай дамуына ықпал етуге ұмтылысын түсіндіре отырып, К.Д.Ушинский былай деп жазды: «Халықтық рухы жоқ халық – жаны жоқ дене сияқты, оған тек бұзылу заңына сүйеніп, өзіндікбейнесін сақтаған басқа денелерде жоғалу ғана қалады».
Қазақ халқының ағартушы-педагогтары Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов ағартушылық жұмыстар мен тәлім-тәрбиелік еңбектер жазуда өз ұлтының әдет-ғұрпын, салт-санасын терең зерттеп, сан ғасырлық тәжірибелік сынақтан өткен ата-баба мұрасына ғылыми талдау жасады және оны жас ұрпаққа, ұлттық тәрбие беруде пайдалану жолдарын көрсетті.
Жоғарыда аталып өткендей, А.Я.Коменскийдің пансофиялық (даналық) мектепте – халық әңгімелерінен алынған адамгершілік тақырыбындағы әңгімелер, жұмабақтар айту, халықтың әдет-ғұрыптарын насихаттау үлгілерін қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогі Ы.Алтынсарин алғаш қазақ мектептері үшін білім беру ісіне жасаған бағдарламасына қолданады.
А.Байтұрсынов 1913 жылы «Қазақ» газетінде ағартушылыққа байланысты жариялаған «Оқу жайы» атты мақаласында қазаққа оқу мен білімнің «Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйрететін білімдер де сондай керек» екенін айтып қана қоймай, ол қазақ даласындағы мектептердің жайын сөз етеді. Ағартушы-ғалым осы мақаласында, қазақтардың балаларын оқуға беруге экономикалық, тұрмыс жағдайының нашар екенін айта отырып, қазақ балаларына ана тілінде білім беру қажеттігін, сондықтан қазақ мектептерін көптеп ашуды баса айтады.
А.Байтұрсынов бастауыш мектептің жеке тұлғаны қалыптастырудағы алатан орнына, танымдық рөліне көңіл бөліп, ұлттық мектептің саясат қыспағында болмай, еркін болуын көздеп, былай деп жазды: «...бастауыш мектеп, әуелі, миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтардың діні, тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек».
М.Жұмабаев халықтық педагогика негізінде оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Ол әр ұлттың өз мектебі, өз тілі, төл оқулығы, мәдениеті мен әдебиеті болуын армандап, «Педагогика», «Бастауыш мектеп ана тілі» (1923) оқулықтарын жазады. М.Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығы басынан аяғына дейін халықтық тәрбиені басшылыққа ала отырып жазылған еңбек деп айтуға лайық[6]. .
Қорыта айтқанда, халық педагогикасы мәселесіне байланысты біршама ғылыми басылымдар мен әдебиеттерге шолу жасау арқылы, халық педагогикасы жайлы түйіндеген ойымыз төмендегідей болды: халық педагогикасы дегеніміз – ғасырлар қойнауынан тәжірибелік сынақтан өтіп, еленіп-екшеліп, біздің дәуірімізге жеткен ата-бабаларымыздың озық ойлы тәрбиелік ой-пікірлерінің жиынтығы.
Халықтық педагогиканың ерекшелігі ол әр халықтың тілдік, тұрмыстық дәстүрлері негізінде ғана қалып қоймай, көп жағдайда әр ұлттың, тіпті нәсілі бөлек этностарға тән адамгершілік-гуманистік құндылықтарды ортақ қазына ретінде қабылдау құралы болып келді. Этнопедагогика мәселесінің халық өмірінде айырықша көрініс табуы, қайта әулеттік, қоғамдық қажеттілікке айналуы - ұлт бойындағы аса құнды қасиеттердің бірі этика мен моральдік қазыналарды ұрпақ санасы сіңіруші құрал болып келгендігі.
Ұлттық педагогика – әр ұлт өкілінің өзі өмір сүріп отырған ортасындағы табиғат жаратылысының адамдар санасына ұзақ уақыт ықпал етіп, оның психикалық болмысын айқындайтыны туралы қағиданы мойындайтыны рас. Оған халықтың жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде сан ғасырлар бойы жинақталып, сараланып келе жатқан тәжірибелері куә. Демек , айтар мәселемізге қатысты дүниелерді талдау, саралау, құрастыру һәм әдістемелеу барысында біз халықтың педагогикалық тәжірибелеріне негізделуіміз қажет. Күнделікті өмірдегі білім технологиялары барынша модернизацияланып жатқан заманда халық ауыз әдебиетінің тамаша үлгілерін (ертегілер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, аңыз әңгімелер, өлең-тақпақтар т.б) оқу-тәрбие жұмыстарында пайдалану – әлі күнге дейін көптеген ұстаздардың тамаша педагогикалық тәсілдерінің бірі екені рас. Бұл педагогикалық мұра – оқушыларға да, ата-аналарға да ортақ және қажетті де. Халық сан ғасырлар бойы өне бойына жинақтаған діни-рухани һәм мәдени құндылықтарды өскелең ұрпағының бойына негізінен тәлім-тәрбиелік дәстүрлер арқылы даритынын алдын-ала болжай білген. Адам бойындағы ізгілік, адамгершілік, имандылық, гуманистік және басқа жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген ұлттық мәдени жетістіктері тәлім-тәрбие құралдары арқылы жүзеге асырылғандықтан, біздер аталмыш ғылым саласының пән оқулығы ретінде ұрпақ игілігіне айналғанын қалаймыз.


Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ғаббасов С. Халық педагогикасының негіздері.(монография) – Алматы:
әл-Фараби, 1995. – 463 б.
2. Мұханова Б.Ж., Ильясова Р.Қ. Этнопедагогика: Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2008. – 440 б.
3. Қожахметова К.Ж. Этнопедагогика. Оқу–құралы. – Алматы: Қарасай, 2012. – 248 б.
4. Харламов И.Ф. Педагогика://Учеб. Пособие. 3-е изд., перераб. в доп. М.:Юристь, 1997. 512 с.
5. Қалыбекова Асма Қазақ халық тәрбиесінің асыл мұрасы. – Алматы: БАУР, 2011. – 448 б.
6. Жұмабаев М. Шығармалары. Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: Жазушы, 1989. – 448 б. М.Жұмабаев Педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1992, – 154
Категория: Педагогика | a7turysbekova a7turysbekova
3794Просмотров: 3794 | Загрузок: 19 | <Рейтинг: 3.0/2
Всего комментариев: 0

Добавить комментарий


Наверх