Қазақстан тарихы. 8-сынып, "Атамұра" баспасы, 2012 жыл, З.Е.Қабылдинов, А.Т.Қайыпбаева

КІРІСПЕ

   Құрметті оқушылар! 7-сыныпта сендер Қазақстанның орта ғасырлардағы тарихын оқыдыңдар. Түрік қағанатынан бастап ХVII ғасырдың бас кезіндегі оқиғаларға дейін еліміз басынан кешірген тарихпен таныстыңдар. ХVғасырдың ортасынан қалыптасып, нығайып, орталықтандырыла бастаған Қазақ хандығы туралы тыңғылықты білім алдыңдар.

   Қолдарындағы 8-сыныпқа арналған оқулықта Отанымыздың ХVІ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарихының маңызды оқиғалары қамтылған. Мәселен, ХУІІ ғасырдың бірінші жартысында халқымызды аса ауыр зардаптарға душар еткен қазақ-жоңғар соғыстары туралы оқып білесіндер. Ата-бабаларымыз қатыгез басқыншылардың шабуылынан туған жеріміздің әр сүйемін жаудан қорғап қалуда ерен ерлік пен тендесі жоқ батырлықтың ғажайып үлгісін көрсетті. Бұл кезеңнің қазақтың ерлік дәстүрінің «алтын ғасыры» деп аталуы тегін емес.

   Сонымен қатар оқулықтан қазақ халқының өз тәуелсіздігін жоғалтудың қиын да қарама-қайшылықты үрдісі туралы да білетін боласыңдар. Ресей империясы Қазақстан аумағын өз қарамағына қосып алу жоспарын біртіндеп жүзеге асыра бастады. Осы жағдайда аса көрнекті мемлекет қайраткері, айбынды Абылай хан ел тәуелсіздігін мүмкіндігінше сақтап қалуға күш салды. Оған өз Отаны мен халқына адал берілген сұлтандар, билер мен батырлар көмектесті.

   Патша үкіметінің отаршылдық саясатына қазақ халқының айтулы азаматтары: Сырым Датұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Есет Көтібарұлы, Кенесары Қасымұлы және басқалар қарсы шықты. Қазақтар Емельян Пугачев бастаған аса ірі шаруалар көтерілісі кезінде орыс халқын қолдап, патша үкіметіне қарсы бас көтерді.

   Осы оқулықтан сендер Қазақстан жеріне орыс, украин, неміс, поляк, ұйғыр, дүнген сияқты әр түрлі ұлт өкілдерінің қалай қоныстана бастағаны туралы да оқып білесіңдер. Басқарудың отарлық сипатта болғанына қарамастан, әр түрлі діндер мен халық өкілдері арасында үйлесімді түсіністік пен ынтымақтастықтың негізі қаланды. Оқулықта өздеріңді қазақ халқының және сол уақытта Қазақстан аумағына қоныс аударған ұлттардың шаруашылығымен, тұрмыс-тіршілігімен таныстыруға да ден қойдық.

 



1


Добавлено: 08.04.2020, 05:06
0
165
Bekamaster

Похожие публикации


Комментарии (0)

Добавить комментарий


Наверх