30 тамыз — Конституция күні құтты болсын!



Тәуке хан Жоңғар мемлекетіне қарсы күресте Қазақ хандығының ішкі әкімшілік, соттық, әскери, құқық салаларына кешенді реформалар жүргізді. Тәуке реформасының үлкен жемісі — билер кеңесі қабылдаған «Жеті жарғы» заңнамасы еді. «Жеті жарғы» заңнамасында сол кездегі қазақ қоғамының барлық ерекшеліктері ескерілді.


Заңнамада қазақ хандығының әкімшілік жүйесіндегі тайпа және ұлыстарға билік жүргізуші сұлтандар мен төрелердің билігі шектеліп, қарапайым халықтан шыққан би-батырлар мен қожа-молдалар ел басқару ісіне араластырылды.

Әрбір ру-тайпаның көшіп-қонатын көктеу, жайлау, қыстау, күзеу жайылымдарын белгілеп, траиболистік қақтығыстардың алдын алды. Ұшса құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аймақты бір орталықтан басқару үшін, қазақ сахарасын үш қанатқа бөліп, ұлыс бегі ретінде сұлтандар тағайындалып, ру-тайпа мен ұлыстар арасындағы дау-дамайды шешуге қара қылды қақ жарған әділ билер сайланды. Қожа-молдалардан үш жүзге пір сайлап, оларға дін істерінің өкілеттілігі берілді. Мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы құзыретті органы — жыл сайын белгіленген уақытта өтетін құрылтайдағы «Билер кеңесі» болып табылды. Мемлекеттің ішкі жағ-дайындағы әкімшілік мәселелермен бірге азаматтық, қылмыстық істерді реттеу негіздері және сұлтан-төрелер, қожа-молдалар, би-батыр, ақын-жыраулардың атқарар қызметіне қарай, олардың құқықтық статусы белгіленді. Билер кеңесі шығарған шешім бойынша қазақ әскері ондыққа, жүздікке, мыңдыққа, түменге бөлініп, тиісті дәрежесіне қарай батырлар жүзбасы, мыңбасы, түменбасы болып тағайындалды. Сонымен қатар, тікелей Тәуке ханға бағынатын шекара аймақтарды күзететін және Хан ордасына мәлімет жеткізіп тұратын барлаушылар қосыны құрылды. Тосын жағдайдағы мәліметтің Хан ордасына шұғыл жетуі үшін әрбір 5-7 шақырым сайын биік төбелер үйіліп, от қойып белгі беру үрдісі қалыптасты. Сондай-ақ, Хан ордасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мың қаралы шамасында төлеңгіттер-ден арнайы жасақ құрылады. Соғыс жағдайында Қазақ армиясының бас қолбасшысы міндетін Тәуке ханның өзі атқарды. Ел қауіпсіздігі үшін өте күрделі жағдайда соғыс дабылы қағылып, ақын-жыраулар сауын айтып, төрт қаруы сай әрбір қазақ жауынгері белгіленген ту астына жиналуы тиіс болатын.

Осындай жүйелі әскери тәртіптің негізінде Тәуке хан жоңғармен болған соғыстарда 80 мың әскерді бір мезгілде жинап үлгеретін.

Тәуке ханның би-батырлар мен қожа-молдаларды ел билеу ісіне араластыруы уақыт қажеттілігінен туындады. Билер ел ішіндегі дау-дамайды шешуде маңызды рөл атқарса, батырлар соғыс жағдайындағы таптырмас тұлғалар еді. Тәуке ханның қожа-молдаларға ерекше статус беруінің себебі, қазақ халқының дүниені танып білуі және моральдық құндылықтарды бойына сіңіріп, ис-ламның рухымен тыныстауы үшін керек деп білді. Сонымен қатар, Тәуке ханның би-батырлар мен қожа-молдаларды мемлекет ісіне араластыру бастамасы, ежелден елді билеп төстеген Шыңғыс хан ұрпақтары мен қарапайым халық арасына жарықшақ түсірмей, билік пен қалың бұқара арасындағы теңдікті сақтауға бағытталған саясат болатын.

Тәуке ханның ел билеу жүйесіне енгізген пір сайлау үрдісі, хан жарлығының халық жүрегінен жол табуы үшін, сол халықтың рухани тіреуіштеріне арқа сүйегендігі еді. Бұл жағдай, сол дәуірде мемлекет пен дін арақатынасын реттеуші «конкордато» формасының болғандығын көрсетеді. Қожа-молдаларды сол кездегі Орта Азиядағы ең үлкен тариқат Нахшбандия өкілдерінен тағайындаса, Үш жүздің пірлерін Яссауи тариқатының Азизан қожаларынан белгілейді. Тәуке ханның Нахшбандия өкілдерін ел басқару ісіне араластыруында астарлы саясат жатқан-ды. XV ғасырдан бастап Нахшбандия тариқатының Орта Азиядағы рухани мәселелерімен бірге, саяси істерге де араласа бастағандығы белгілі. Тәуке хан заманында да Нахшбандия тариқаты Бұқара хандығының негізгі рухани күші болатын. Жоңғарлар кәпір болғандықтан, оларға қарсы күресте Тәуке хан ислам дінін берік ұстанушы Бұқара хандығын Нахшбандия өкілдері арқылы тартпақ ниетте еді. Жалпы Тәуке ханның діни саясаты консервативтік ұстанымда болды.

Ежелден көшпелі мәдениетте әдет-ғұрып негіздерімен өмір кешкен қазақ халқын асығыс, шұғыл түрде емес, байыппен, біртіндеп ислам шарттарына мойынсұндыруды жөн деп білді. Десекте, Тәуке хан Қазақ хандығын исламды мемлекеттік тұрғыдан қолдайтын «клерикальді » мемлекет ретінде қалыптастырды. «Жеті жарғыдағы» азаматтық және қылмыстық істерді жүргізуде кейбір мұсылман құқығы қағидаларының болуы және Тәуке ханға «Әз-Тәуке» деген діни атаудың берілуінің астарында осы себептердің жатқандығын байқауға болады.

Тәуке ханның өз дәуірінің алғы- шарттарына сай жүргізген реформасы, елдің бірлігі мен тыныштығын ғана қамтамасыз етіп қойған жоқ, сол кездегі Қазақ хандығын бірнеше рет жұтып жіберуге шапшыған жоңғар аждаһасының меселін мертіктіріп, тауын шақты.

Барлыбек Сыртанов және Қазақ конституционализмінің дамуы

Биыл қолданыстағы Ата Заңымызды қабылдағанымызға он тоғыз жыл толып отыр. Жылда тамыз айының аяғына таман жер-жерде Ата Заңымызды ұлықтауға арналған ірілі-ұсақты іс-шаралар өтіп жатады. Конституциялық құқыққа маманданған заңгерлер болмаса, қатардағы шенеуніктердің Ата Заңның мемлекеттің тәуелсіздігі мен біртұтастығын сақтаудағы орнын тарқатып айтып бере алмай жататыны жасырын емес. Мемлекеттік шенеуніктердің арғы тарихтағы Ата Заңдарымызды айтпағанда, күні кешегі тәуел-сіздік алғаннан кейінгі қабылдаған алғашқы Конституциямыз бен қазіргі қолданыстағы Ата Заңымыздың айырмашылықтарын айыра алмай, елдің алдында күлкі болғанына талай куә болдық. Әкім-қаралардан осындай енжарлықты көргеннен кейін бұқара халықтың нигилистік ниетіне өкпе арта алмайды екенсің. Әсілі, Ата Заңның қадіріне жету үшін, мемлекетшілдік сана мен тәуелсіздік ұғымын қастерлей білуіміз қажет. Ол үшін тарих қойнауына терең бойлап, ұлт пен мемлекеттің қалыптасуына ата-бабаларымыз қабылдаған заңдардың қаншалықты ықпалы болғанына мән беруіміз керек. Себебі, ұлт пен мемлекет оқыстан бүгін пайда болған жоқ. Ата-бабаларымыз күндіз күлкісінен қалып, түнде ұйқысын қашырып, тебінгісінен тер ағып жүріп тәуелсіз мемлекеттің негізін қалады. Қасықтай қанын төгіп, шыбындай жанын беріп қорғаған тәуелсіздікті кейінгі ұрпаққа аман сақтауды аманат етті. Яғни, біз тәуелсіздікті ту етіп ұстаған бабалар рухын өшірмей, олар салған сара жолды жаңғыртсақ қана мемлекетшілдік сананы толыққанды қалыптастыра аламыз.

ХХ ғасырдың басында қазақтар Ресей империясының езгісіндегі ел болғанымен, сол кездегі ұлт зиялылары тәуелсіз мемлекет құруға қал-қадерінше талпыныс жасап көрді. Ішкі Ресейде еуропаша білім алған Алаш зиялылары бейбіт түрде эволюциялық жолмен Қазақ мемлекетін құрғысы келді. Осы жолда ұлтымыздың тәуелсіздігі үшін жанаямай күрескен Алаштың айтулы азаматтарының бірі Барлыбек Сыртанов (1866-1914) болатын. Оның ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік қал-ахуалына жан-жақты жауап бере алатын «Қазақ елінің уставы» атты еңбегі өзінің құқықтық өміршеңдігін әлі жойған емес.

Аталмыш құқықтық құжатта қазақ елінің тәуелсіздігі мен мемлекеттік басқару нысаны, адам құқықтары мен жерді пайдалану негіздері нақты құқықтық нормалармен ұтымды өрнектелген. Сондай-ақ, сот билігі мен судьялардың құқықтық мәртебесі демократиялық қағидалардың шеңберінде көрініс тапқан. Қоғамдық қатынастарды реттеудің басым бағыттары гуманистік құндылықтарға негізделіп, даулы мәселелердің құқықтық принциптермен шешілетіндігі ай-тылған.

«Қазақ елі уставының» приамбуласында ұлттың өзін-өзі сақтауы мен жетілдіру доктринасы сөз болады. Қазақ халқының мемлекеттілігі туралы:

«Қазақ елі — көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жеке ел болып өмір сүрді, елін, жерін қорғады. Ұрпақ жалғастырудан 7 миллионға жетті. Санымен Россияда үшінші орында», — деп баяндалады. Тәуелсіз мемлекет құрудың негізгі жолы ретінде:

«Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей, бейбіт жолмен жерімізде хүкіметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ Республикасын құрамыз» деген ұстанымды басшылыққа алатынын жеткізеді.

Қазақ мемлекетінің демокра-тиялық және ұлттық мемлекет болатынын «Қазақ елі — халық билейтін һәм қазақи ерекшеліктері бар ел» деген нормамен бекітіп, Қазақ мемлекетінің ел таңбасының ұлттық ерекшелігі хақында кеңінен мәлімет береді. Мемлекеттің басқару нысаны Парламенттік басқаруға негізделгенін «Қазақ елінде ең басшы орыны – Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер, Қазақ елінің басшысы Президентті төрт жылға сайлайды» деген нормамен белгілеген. Үкімет құрамын Президенттің Ұлт мәжілісінің келісімімен белгілейтінін айта келіп, билік бұтақтары арасындағы өзара қарым-қатынастың тепе-теңді, тежемелі қағидасына негізделетінін: «Қазақ елінде билік жүргізу закон шығаратын (парламент), орындайтын (үкімет) һәм сот болып тұрады. Үш билік бір-біріне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудің белгісі болып тұрады» деген нормамен әйгілеп көрсетеді.

«Қазақ елі уставының» қазіргі заманауи құқықтық құжаттардан еш кем түспейтінін ІІ тараудағы құқықтық нормалардан анық көре аламыз. Индивидтердің теңдік принципі мен бостандығы туралы 10, 11, 12, 13, 14-ші баптарда арнайы құқықтық нормалар көзделген. Ал, кінәсіздік призумциясы туралы және адамның құқықтық бостандығы мен мүлікті иелену құқығы тек сот арқылы қорғалатындығы 15, 16, 17 баптарда нақты көрініс тапқан.

Мемлекеттің басты рессурстарының бірі елдің аумағы мен жері екені белгілі. Осы мәселе «Қазақ елі уставында» тайға таңба басқандай анық бедерленген. Жердің иесі тек халық екендігі һәм оны пайдалану негіздері «Қазақ жері оның меншігінде болады. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, Құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты» деген абсолютті нормамен бекітілген. Ал, жерасты қазба байлықтары және ауыл шаруашылығына тән жер мен тұрғын үйге қатысты жерді қалай ұқсату керектігі: «Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкімет рұқсатымен болады» деген тармақта өз шешімін тапқан.

«Қазақ елі уставының» соңғы тарауы сот билігінің құрылымы мен судьялардың құқық-тық мәртебесіне арналған. Құжатта сот билі-гінің тәуелсіз екендігі, соттың тек заңға ғана бағынатындығы айтылып, судьялардың сайланатындығы көрсетілген. Сотқа қатысты тарауда ерекше тоқталатын жайттың бірі судьялардың іс жүргізу тілі туралы құқықтық норманың бекітілуі еді. Бұл жөнінде «Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге құқығы бар» деген норма қарастырылған.

Жалпы, «Қазақ елінің уставын» алғашқы Қазақ конституциясы деп атауға толық негіз бар. Себебі, уставтың болмысы конституцияға тән. Ондағы нормалар іргелі құқықтық мәселелерді реттеудің бағыттарын белгілеп, ұлт пен мемлекеттің негіздерін қамтамасыз етуді қолға алған.

Қарқаралы петициясының саяси-құқықтық мәні

Әрбір халықтың өз тарихынан орын алған төл мәдениетімен қатар, құқықтық жүйелері де бар. Қазақ халқының да бай мәдениеті мен тарихы мақтануға тұрарлық. Белгілі ғалым Сәкен Өзбекұлы: «Халықты мақтандыратын да, ұятқа қалдыратын да оның тарихы.

Қазақ халқының бай жері, бай тілі және ұялмай мақтан тұтатын бай тарихы бар. Тек сол дүниелерімізді нарық заманында рухани азғындық, белсенді надандық күш алып бара жатқанда ұлтымыздың санасына сіңіру – ұлт алдындағы борышымыз», — дейді. Өте құнды, бағалауға тұрарлық пікір. Тарихтың қатпар-қатпар болып жатқан беттерінде бағалауға, мақтануға тұрарлық құнды ақиқаттар жетерлік. Солардың бәрін ой елегімізден өткізіп, баға беру, қадірлеу және мақтан тұту, соның нәтижесінде патриотизмді қалыптастырып, күшейту – халық мұраты екені ешбір күмән туғызбаса керек. Атап айтқанда, көшпелі қазақ өркениетін қалыптастырған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы». Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты аса құнды құқықтық құжаттарымыз Еуропа мемлекеттері пір тұтатын құқықтық ескерткіштерден артық болмаса, ешбір кем емес. Бірақ, Ресей империясының отарлық саясатының нәтижесінде демократиялық және Гуманистік сипат пен формалық мағынадағы көшпелі қазақ өркениетінің заңдары, құқықтық нормалары біртіндеп орыстандырылуының нәтижесінде өзінің алғашқы мазмұндық сипатынан айырылып, дағдарысқа тап болды.

Алайда, Бірінші Орыс революциясының тікелей әсерінен бұғауға маталған қазақ халқының көздері ашық, оқыған зиялылары 200 жылдан асқан отарлық саясатқа қарсы үндеу тастап, азаттық пен теңдікті ту етіп, ұлттық езгіге қарсы реформаторлық мағынаға ие болған Қарқаралы петиция-сын қабылдады. Оның мазмұны тек сол заманның ғана көкейтесті саяси-құқықтық мәселелеріне арналып қоймай, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасында қарқындап жасалынып жатқан құқықтық реформалар мен тоталитарлық режимнен отарсыздану процестерінің тікелей жалғасы ретінде танылуда. Осыған орай Қарқаралы петициясында осыдан жүз жыл бұрын көтерілген проблемалар қазіргі заманда өзінің нақтылы шешімдерін табуы, оның авторларын болашақты болжай білген ірі қоғам қайраткерлер санатына жатқызып, бұл құқықтық құжатты Қазақстанның жаңа тарихында бостандық пен ұлттық теңдікті тұңғыш рет жариялаған қазақ халқының тәуелсіздікке жетуде аңсаған бағдарламалық ұлттық манифесті деп танимыз.

Ғылыми негізде мұқият талдау жасап қарасақ, шын мәнінде, Қарқаралы петициясының әрбір баптарында бекітілген тілек-талаптары қазақ халқының дәл бүгінгі мүдделерімен үндес және тығыз байланыста екенін аңғарамыз. Патша өкіметінің жергілікті халықты отарлық езгіге салудағы ең негізгі саясаты — жерді қазақтардың тікелей пайдалануынан тартып алып, Орталық Ресей мен Сібір аймақтарынан келген казактар мен шаруалар, дворяндар мен офицерлерге таратып беру болды. Қазақ жері Ресей мемлекетінің меншігі деп жариялағаннан кейін (Уақытша ереже бойынша) талан-таражға салынды, келімсектерге аямай үлестірілді. Қарқаралы петициясының жерді қазақ халқының пайдалануына қайтаруды талап еткен идеялары Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жариялағаннан кейін 1993 жылы және 1995 жылы қабылданған Конституциясында нақтылы өзінің шешімін тапты.

Қарқаралы петициясы жан дауысымен көтерген мәселенің бірі — қазақ тілінің тағдыры және болашағы. Петицияның 5- бабында ісқағаздарының бәрі тек қазақ тілінде жүргізіліп, шенеуніктердің бәрінің қазақ ұлтынан тағайындалуын талап етуі қазіргі тәуелсіз Қазақстанда біртіндеп іс жүзіне асып жатыр. Көптеген облыстарда ісқағаздар мемлекеттік тілде жүргізілуде, қазақ тіліне деген құштарлық қиындықтарға қарамастан біртіндеп қалыптасуда, оның рөлі арта түсуде. Тәуелсіз Қазақстанда құқықтық мемлекет құру идеясы тек жарияланып қана қоймай, сонымен қатар нақтылы конституциялық тетіктер арқылы да іс жүзіне асуда. XX ғасырдың басында қазақ зиялыларының Қарқаралы петициясы көтерген адам құқықтарының тиімді қорғалуы, сотсыз, тергеусіз ешқандай жауапқа тартылмау және қаралған іс бойынша міндетті түрде қорғаушының қатысуы сияқты идеялар қазіргі Қазақстанның Конституциясынан, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізушілік құқық жүйелерінен өзінің нақтылы шешімдерін тапты. Бассыздық пен заңсыздыққа жол бермеудің берік тетігіне айналды. Қарқаралы петициясының жан дауыс ретінде көтерген ана тілімізде білім алу мәселесі барлық мектеп, университеттерде кеңінен етек жаюда. Қазақ тілінің мәртебесі біртіндеп дамып келеді.

Қорыта айтатын болсақ, осыдан жүз жыл бұрын Қарқаралы петициясын жазған қазақ халқының дарынды ұлдарының арман-тілектері мен мүдделері тек тәуелсіз Қазақстанда ғана өзінің шешімін тауып, іс жүзіне асырылуда, әлі де асырыла бермек. Көрегендік саяси-құқықтық идеялардың ғұмыры ұзақ болып, өзінің тиімділігімен адам игілігіне қызмет ету құқына ие екені ақиқат. Сондықтан Қарқаралы петициясы — Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірі тарихында жаңа заманда қабылданған либералды демократиялық және ұлттық құндылықтарды жариялаған, теңдік, бостандық идеясының нағыз жаршысы болған азаттықтың салтанатты манифесті.

Оның мазмұнын осы тұрғыдан бағалау — өткен тарихымызды ақиқат дәрежесінде бағалау болып саналмақ. Қазақ халқы айтқандай, «Өзіңді-өзің сыйла, жат жанынан түңілсін» сөзі тәуелсіз Қазақстанда асқан парасатпен дәріптеле бермек.

Дербес Қазақстанның алғашқы Конституция жобасы

Еліміздегі конституционализм тарихында 1991 жылдың қаңтарында «Азат» газетінің №1 санында жарияланған ғалым Сәкен Өзбекұлы жасаған Қазақ Республикасының Конституциясы жобасының алар орны ерекше. Мемлекетіміз тәуелсіздікті өз қолы-на алмастан бұрын ұсынылған бұл жобада қазақ елінің болашағы қай бағытта өрбуіне қатысты келелі идеялар ұсынылған еді.

Құрылымы жағынан Конституция жобасы Преамбуладан, 7 тараудан және 91 баптан тұрады: бірінші тарау – Қазақ Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы, екінші тарау – Қазақ Республикасы азаматтарының хұқықтары мен міндеттері, үшінші тарау – Ұлттық мәжіліс, төртінші тарау – Қазақ Республикасының Президенті, бесінші тарау – Қазақ Республикасының Министрлер кабинеті, алтыншы тарау – Сот билігі, жетінші тарау — Прокуратура деп аталады.

Жоба авторы қазақ жерін көптеген ұлт өкілде-рі мекендейтіндігін ескере отырып, конституция жобасының 1 бабын «Қазақ республикасы – тәуелсіз демократиялық ұлттық мемлекет», ал 3 бабын «Қазақ республикасының мемлекеттік егемендігі қазақ ұлтының және республиканы мекен ететін барлық ұлт өкілдерінің қолында» деген мәтінде береді. Осы жерде мән беруді талап ететін тағы бір мәселе — мемлекет атауы. Жоба авторы мемлекетті «Қазақ республикасы» деп атаған, яғни бұл —мемлекеттің қазақ ұлтының мемлекеті екендігін нақтылай түсетін атау. Мемлекетті сол мемлекеттің негізін құрап отырған ұлттың атауымен атау да сол ұлттың мемлекет даму жолында мүдделілігін арттыра түседі және басқа ұлттарға деген ағалық, қамқорлық сезімін оятары сөзсіз.

Конституцияның бұл жобасы жөнінде сөз қозғағанда бүгінгі күні шешімін таба алмай жүрген қордалы мәселелердің негізгісі тіл туралы айту өте орынды. Конституцияның Сәкен Өзбекұлы ұсынған жобасының 4 бабы Қазақ республикасының мемлекеттік тілінің тек қазақ тілі екендігін бекітеді. Мұнда автор Қазақстан халқының сан алуандығына емес, ортақ ұғынысу тілінің қажеттілігіне мән береді және әр азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруінің ол үшін қасиетті борыш екендігін алдыға тартады. Бұл жерден түйін жасайтын мәселе, егер мемлекет мүдделі болмаса, мемлекеттік тіл үйренуге тіпті 100 жыл уақыт берілсе де шешілмейтін мәселе күйінде қала береді. Сондықтан да баламасы жоқ мемлекеттік тілдің мәртебесін Ата Заңға өзгерту енгізу арқылы нақты бекіту уақыт талабы болып отыр.

Жобаның 12 бабына сәйкес, Қазақ республи-касының заңдары жергілікті халықтың дәстүрі, әдет-ғұрпы мен демографиялық ерекшеліктері негізінде қабылданады. Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, біз осы уақытқа дейін ұлттық заңдар қабылдаған жоқпыз. Осы бір осал тұстардың әсерінен ұлттық сипатымызды ерекшелей түсетін және ата-бабамыз негізін қалаған құқық нормалары мемлекеттік заңдарға негіз бола алмады. Енді ғана, қазақ ұлты жалпы халықтың алпыс төрт пайызын құраған кезде, осы мәселені заң шығарушы органның күн тәртібіне қоятын уақыт туып отыр.

Осы жобада С.Өзбекұлы алғаш рет мемлекет-тің заң шығарушы органына Ұлттық Мәжіліс атауын берген. Жобаның 43 бабына сәйкес, Қазақ республикасында мемлекеттік өкіметтің жоғарғы және тек жалғыз заң шығаратын органы Ұлттық Мәжіліс болып табылады. Автор жоғарғы заң шығарушы органды бір палаталы және жылына екі рет шақырылатын ескі кеңестік типтегі Жоғарғы Кеңес үлгісінде ұсынған. Сол кезеңдегі мемлекетте қалыптасқан экономикалық жағдайды ескерген ғалым, Жоғарғы Кеңестің мемлекет қазынасына ауыр болмауына мән берген. Кейіннен парламенттің тұрақты жұмыс істеуіне оң пікірде болғанымен, унитарлық мемлекетте тек бір палатадан тұратын парламент құрудың жеткілікті екендігін ғалым өмірінің соңына дейін айтып жүрді.

Автор мемлекетте парламенттік билікті ұсынған, жобада атқару билігінің басшысы болып президент танылады және ондағы 65 бапқа сәйкес өзінің барлық мемлекеттік қызметі туралы Ұлттық Мәжілісте есеп беріп отырады.

Жобаның 66 бабына сәйкес республика президенті жанынан кеңесші және әкімшілік басқарушы орган – Мемлекеттік алқа құрылады. Оның құрамына вице-президент, премьер-министр және президенттің өзі тағайындаған экономика, право, мәдениет саласы-ның мамандары кіреді. Сонымен қатар, Мемлекет-тік алқа мүшелері Президенттің тапсырмасы бойынша шешім қабылдап, президентке баяндауға хақылы. Республика президенті Мемлекеттік алқа мүшелерінің жасаған қорытындысын ескере отырып, өз атынан тиісті шараларды белгілейді. Дәл осы мемлекеттік алқа құру идеясы көршілес Ресей мемлекетінде тиімді жолмен іске асырылуда.

Жалпы алғанда, ұлттық мүдде ескеріле жазыл-ған конституция жобасында орын алған идеялар болашақта да мемлекет үшін өз пайдасын тигізе жатар деген үміттеміз.
0
Добавлено: 29.08.2014, 01:23
0
1803
Bekamaster

Похожие публикации


Комментарии (0)

Добавить комментарий


Наверх